Sadirbekuly Genealogy

Sadirbekuly Genealogy

Share

Contact information, map and directions, contact form, opening hours, services, ratings, photos, videos and announcements from Sadirbekuly Genealogy, Education, Tashkent.

Photos from Sadirbekuly Genealogy's post 12/09/2024

1864 жылғы Н.А.Северцовтың "Тәңір таудың батыс тарапына саяхат" деген жолжазбасында Қаратаудан көмір мен қорғасын кен орындарын іздеп жүріп Бөген, Боралдай, Құтырған-су мен Шаян өзендерінің бас жағы ну орман, өсімдіктерге бай екен. Мен мұнда жабайы жүзімді көрдім. Екі түрлі долананың (боярышник) түрін, шаған ағаштың (ясень) екі түрін кездестірдім деп жазған екен.
Северцовтың бұл жазбасы Түркістан жинағының 375 томына кірген. #қаратау #бөгенөзені #шаянөзені #құтырғанөзені #боралдайөзені

12/09/2024

Қарнақ қыстағының халқы алуан түрлі. Түркістан (ертедегі Ясы) агломерациясын құрайтын Қарнақ маңызды елдімекен. Қарнақ тарихын зерттеушілер бұрынғы замандарды бұл жерге арғындар келіп отырықшылыққа өткен соң жергілікті халыққа қосылып кеткендігі туралы айтылып жүр. Атап айтқанда Жамбыр Артықбаев осы версияны ұстанады.
1912 жылғы агроном В.Я.Андерсон сызған картада Жүйнек пен Қарнақ арасында "Арғын арық" болғаны көрсетілген.

03/06/2024

Из записок Помощника Начальника Чимкентского уезда капитана Лыкошина о современном положении мусульманского населения Пригородного участка Чимкентского уезда в духовном отношении. 53-54 листы. 1899 год. Чимкент.

Из история села Тюлкибас
Селение Тюлькубаш на почтовом Аулиеатинском тракте образован выходцами из разных городов Туркестанского края, живущих здесь между киргизами еще до образования соседних русских селении Корниловки и Ванновской. Раньше селение это имело торговое значение и служило сборным пунктом киргиз Майлыкентской, Машатской и Кочкаратинской волостей, в особенности во время выборной агитации. Открытие базара в селе Ванновском и неудовлетворение жалоб сартов об открытии здесь базара в значительной мере ослабило селение Тюлькубаша, как пункт сартовски, среди оседлых киргиз. В селении есть одна мечеть в котором совершается пятикратные молитвы и пятничные, праздничные богослужения. 20 лет тому назад общество (жамағат) построило каркасную мечеть и 5 лет тому назад ее капитально ремонтировал ташкентский ишан Таджихан, нередко проезжавший через Тюлькубаш, когда он жил еще в Аулиеате. В мечети 78 прихожан (мешіт жамағаты), имамом служит киргиз, он является мюридом Манкентского ишана Таш-Мухаммеда, ныне умершего. Содержит школу на 15 мальчиков в возрасте 8-16 лет. Принадлежит к ордену Накшбандия-хуфия.
Близ селения, на горе, есть чтимый туземцами мазар Тюлькубаш-Ата или как вернее его называют Тюрк-Баш-Ата, какого то военоначальника из Туркмен, погибшего здесь в сражении. На могиле есть камень с высеченной надписью символом мусульманской веры. Особым значением мазар не пользуется и поломничества не вызывает. Близ могилы каменоломни для мельничных жерновов, которые доставляются в другие местности Чимкентского уезда.
#түлкібас #әулие

28/05/2024

Шаян болысы Қалбыр Қыстаубай ұлының 1894 жылы Салық есебі.

28/05/2024

Ойықтардың Алматыдан көшуі

1888-1889 жылы Алматы уезі Төменгі Іле болысында отырған он үй ысты ойықтар Әулиеата уезі Ойық болысында отырған туыстарына қарай көшіп кеткен. Көшудің бір себебі 1888 жылы Алматы маңында қатты жұт болған кезінде малдарымыздан айрылып қалдық, сосын диқаншылық қылайық деп шештік, енді қайтқымыз келмейді дейді. Алғашқы кезде Күйік болысына қоныстанбақшы болған. Бірақ Күйік болысында сиқым рулары оларды сыйдырмаған. Содан ойық болысындағы өз туыстарына барып қосылған. Көшті бастаған ойық рубасы Дуан Әділбек ұлы. Бірақ көшудің асыл себебі ол да емес еді. Сол заманда Алматы маңында саны аз руларды казак-орыстар ығыстырып шығарып жерлерін тартып ала бастаған. Екінші бір жазған хатында былай дейді:
«Егер бізді Жетісуға қайтарып жіберсеңіздер бізді «семиреченский казак» қылып немесе «мещан солдат» қылып жазып жібереді ме деп қорқамыз». Соған қарағанда ойықтар қазақтығынан айрылып қалудан қорыққан. Жердің қамын ойлап емес, елдің қамын ойлап, орыстанып кетуден қорқып көшкен мүмкін?
Ол кезде еркін көшіп қону шектелген кезең. Көшесің қонасың. Бірақ заңды түрде тіркелу оңай емес. Жетісу облысы Төменгі Іле болысы №6 ауылдан Сырдария облысы Әулиеата уезі Ойық болысының №2 ауылына заңды түрде тіркеліп орналасуын сұрап жазған арыздарын патша үкіметі оң қарап, шенеуніктер біздің ешбір қарсылығымыз жоқ деген шешім шығарған. Осыдан кейін барып Дуан бастаған Ойықтар заңды түрде тіркелді.
Тағы бір қызығы, қазіргі Алматы Іле ауданы жеріндегі кішірек құмды жер «Мойынқұм» деп аталады. Жамбыл облысында да өте үлкен аймақты алып жатқан «Мойынқұм» бар. Жалпы Қазақстанның физикалық географиясында екі бірдей Мойынқұмның болуы да осы Ойық руына байланысты деп тұжырым жасаймыз. Көшпелі тайпалар жаңадан көшіп барған жерлерін өздері бұрын тұрған жермен ұқсастырып, сол атауды қоятыны белгілі. Бүл да бір елдің тарихына қосқан үлесіміз болсын
#ойықтар #ыстылар #генеалогия #переселение #мойынқұм #тарихигеография

07/02/2024

Молда Бекасыл Биболат ұлы, 1890 жылы Сайрамсу өзенінен бұрып шығарған Тас-арықтың суын бөліп беретін су ақсақалы (су мұраб) болған. Бұл қызметі үшін өкіметтен бір тиын жалақы алмай істеген (без содержания). Егер Бекасыл молданың 1822 жылы туылғаны рас болса бұл кезде шамамен 68 жаста болған.
PS. осы елге қанша айттым, Бекасылды дұрыстап зерттейік деп, тыңдамайды ғой мені ешкім. Ойдан құрастырып тарих жазудың керегі жоқ. Іздену керек қой
#БекасылБиболатұлы #Бекасылмолда #Бекасыләулие

05/02/2024

Қаңлы тарихына
Қитушалдағы мешіт пен медресе

дело 390 По просьбе киргиз Чимкенского уезда Боралдаевской волости Курбанкула Казанкапова и Даулеталия Аипова о спорной земле на урочище Киту-Чал 1879-1880гг.
Қитушалға, Кеңтоғайға таласқан Құрбанқұл Қазанғапов пен Даулетали Аипов. Сол жерде қазған арығымыз, суғармалы жеріміз, соққан мешітіміз, бала оқытатын мектебіміз бар деген. Осы жерде қыстап тұрып жатқанымызға 33 жыл болды деген. Бізден бұл жерді Боралдай болысы қазағы Долы Қосқұлақов, Берді Медетов, сол Боралдай билері Оңғарбай Маликов бидің, Беркінбай Байболов бидің айтуымен бізден Қитушалды тартып алып, қуып жатыр. 1879 жылы 12 декабрде. Олар біздің Билер шешімімен қуып жіберіп бізге 50 тиллә компенсация бермекші. Бұл жердің ең өлгендегі бағасы кем дегенде 1000 тіллә. Осы арызды жазушылар қаңлы руының адамдары Құрбанқұл мен Даулеталы

20/01/2024

Бақтиярлар деген кімдер?
Қызылордадағы қарақойлылар ысты ма, дулат па?
1868 жылы Түркістан өлкесін Ресей империясы басып алған соң Перовск, Шымкент, Аулиеата уезі мен болыстары жаңадан құрылған еді, сол кезде Жаңақорған болысында көптеген Ұлы жүз рулары қоныстанған екен. Оларды жалпы бір сөзбен «Бақтиярлар» деп атап, солай жазған. Орысша «Бахтиярова рода». Сол 1868 жылы Жаңақорған болысында тұратын халықтың ішінде ең көбі Бақтиярлар деп көрсетіледі. Бақтиярлардың сол кездегі биі Сатыбалды Ілебаев болған. Ол Ошақты руынан шыққан. Сол кезде 1868 жылы көктемде жүргізілген Жаңақорған болысында тұрған халықтың саны:
Сунақ руы – 149 шаңырақ
Арғын руы – 350 шаңырақ
Қожа руы – 92 шаңырақ
Найман руы – 588 шаңырақ
Қоңырат руы – 301 шаңырақ
Қыпшақ руы – 464 шаңырақ
Бақтияр руы – 1000 шаңырақ
Сұлтан руы – 97 шаңырақ.
Сол заманда осылардың ішінде ең көбі 1 мың шаңырақ болып отырған Бақтиярлар. Қазақтың Бақтияр деген руы жоқ, тек Бақтияр ұранды үйсіндер бар екендігін екендігін ескерсек, осы Жаңақорған болысында отырғандар ошақты, тутамғалы, қарақойлы тағы сол сияқтылар, бұлардың жалпы үйсінге жататын ысты, сіргелі рулары екендігін болжау қиын емес. Об организации Перовского уезда деп аталған Өзбекстан архивында сақталған құжатта (Фонд И-1, оп.16, дело 68, на 160 листах) Сол кездегі Жаңақорған болысына мына жерлер қараған:
Қыстаулары - Құмсаба, Бұлақты, Бозғыл, Күйік-арал, Жалпақтал, Мүйізді, Шиелі арығы, Бұхар арал, Тартоғай, Қарғалы, Киік-қырған, Алакөл, Қарауыл оймақты, Алмалы, Бесқазақ, Ақшығанақ, Төлеп, Иіркөл, Қыдыр, Баба-Сейіт, Жайылма, Шыбынды, Қоржынтүбек, Бестамақ, Жиделі, Бисары, Қырықжайын, Арыстандық деген жерлерде.
Жайлаулары – Жетітөбе, Ақсүмбе, Ақмылтық, Бесқұлан, Айнакөл (бұл үйсіндер мен арғындар дауласатын ең солтүстіктегі Арқадағы әйгілі Айнакөл), Тамғалы бұлақ, Құтан сіңген, Қатынқұм, Боқтықарын, Төсбұлақ, Сары-Кеңгір, Қара Кеңгір, Қорғалжын, арғы жағында Орыстың Сібір облысына қарайтын жерлерге дейін жаз жайлап жүрген.
Енді қазіргі заманда Қызылорда облысында отырған қарақойлы руынанбыз деп өзін есептейтін кісілер ысты ма, дулат па деген мәселе тарихты білмегендіктен, көп талас-тартыс тудырыпты. Бұл ескі тарихта жоғарыда айттық, олардың барлығын Бақтиялар деп көрсеткен. Ал Бақтияр Ұлы жүз үйсіндердің ортақ ұраны. Қарақойлы, тутамғалылар отырған жерді Шөл деп те атаған. Шөлде отырған сіргелілерді Шөл сіргелі болысы деп те атаған. Ресей өкіметінің жазбаларында Об организации Чимкентского уезда деп аталған Өзбекстан архивында сақталған құжатта (Фонд И-1, оп.16, дело №83, на 160 листах) шөл сіргелілерінің малдары көп өте көп, бай деп көрсеткен.
Сонда осы жерде екі сауал туындайды:
1. Қарақойлылар, тутамғалылар Жаңақорғанан немесе оның арғы жағынан Айнакөл, Арқа жақтан көшіп келген бе, әлде Шаян болысы мен Жаңақорған болысының шекаралары бір біріне жақын болған ба?
2. Сол ескі заманда бір мың шаңырақ болып отырған бақтиярлар Шиелі, Жаңақорғанда қазір неге жоқ, қайда кетіп қалды?
Әл-жауаб: Жаңақорған болысы мен Шаян болысы ешуақытта шекаралас болмаған, Жаңақорған болысындағы Бақтияр ұранды үйсіндер 1879-1880 жылғы жұттан кейін Шымкент уезіне, Әулиеата уезіне көшіп кеткен.
Бар малынан айрылған адамдар ашаршылыққа ұшырағаны сондай Жаңақорған жақтан шұбырып Түркістан шаһарына әрең жетеді екен. Ішіп жерге ауқаты жоқ, астындағы соңғы аты мен киіз үйлерін, киімдерін сатыпты. Тіпті аш-жалаңаштар көбейіп кеткен соң орыс өкіміеті Түркістан шаһарында асхана ұйымдастырып, ашаршылыққа ұшыраған 80 адамға күнде бір мезгіл ыстық сорпа берген екен. Мұның барлығы тарихи құжаттарда жазулы тұр (Выдача ссуды жителям Сыр-Дарьинской области пострадавшим по случаю суровой зимы в 1879-1880 года, фонд И-1, опись 11, дело 146 - 102 листах, Национальный архив Узбекистана). Саудагерлер ұнның бағасын 1 сом 90 тиыннан 3 сом 50 тиынға көтеріп жіберген. Перовск уезінің начальнигі жазуына қарағанда уезде (Ақмешіт өлкесі қазіргі Қызылорда облысының оңтүстік жағындағы Жаңақорған, Шиелі аудандары) ұн, арпа, бидай тапшылығы қатты сезіледі. Сонда үйсін бақтиярлардың (қарақойлылардың, ошақтылардың тағы басқалардың) көп бөлігі Түркістан, Төрткүл, Әулиеата, Талас жаққа көшіп кеткен. 24 март 1871 жылы Әулиеата оязының начальнигінің Сырдария облысының Әскери Губернаторына жазылған рапорты сақталған. (Өзбекстан Республикасы Ұлттық архивы И-17, Оп.1, д. №18081). Осы бақтиярлардың азғантай ғана бөлігі сол бұрынғы отырған жерінде қалып қойған. Қазіргі Қызылорда облысы жерінде отырған қарақойлылардың Сиқым дулаттарға қатысы жоқ. Ысты қарақойлылармен бір туысқан болып келеді. Ыстылардың сол кездегі рубасы Төрегелді датқа Шоқайұлы. Төрекелді датқа туралы көптеген деректер бар. Ол туралы жазу нәсіп болса кейін жазамыз. 1868 жылдары бұлардың барлығы Жаңақорған жақта бірге отырған. Ошақтылар Тереңөзекте отырған. Ошақтылар бұл өздерінің шежірелік тарихын жақсы біледі. Бүкіл шежіре тарих кітаптарында біз бұрын қазіргі Қызылорда облысы Тереңөзек жақтан көшіп келгенбіз деп жазған (Кітаптың аты: Бәйдібек Баба Алып Бәйтерек. Ошақты шежіресі. Өнер баспасы 2005 жыл. Жинаған Насырхан Жұмағұл). Тутамғалы руының, Үштамғалы одағының атақты биі Текей Сегізбаев пен оның бауыры да құжаттарға қарағанда сол Перовск уезінде отырған. Текей кейін 1880-1883 жылдары Шаян болысына көшіп келеді де, Шаянда болыс, би болып отырады. Арғындар мен үйсіндер арасындағы шекараны белгілеуге қатысады. (Арғындар мен үйсіндер арасындағы шекара деген мақаламды оқыңыз) Ал қарақойлыларға келетін болсақ Қызылорда жерінде қалған қарақойлы аталары айналасындағы көптеген найман, арғын, қоңырат, сунақ, қожа руларының арасында қалып қойғандықтан тек Ұлы жүз Бақтияр екендіктерін біледі. Негізгі шежіресінен ажырап қалған. Қырғызалы руы да солай. Сол себепті Қызылорда облысында тұратын ағайындардың Ұлы жүздің ішінде Ысты шежіресіне қосылғаны тура келеді деп ойлаймын. Осыған қосымша тағы да бір дерек 1922-1928 жылдары халық санақшылар Төрткүл, Бескемпір деген жерде Қарақойлы Қораз атасының ақсақалдарынан - Осы жерден бұрыннан тұрасыздар ма, қайдан қашан келдіңіздер? - деп сұрағанда, олар да біз солтүстіктен, Атбасар уезі жақтан көшіп келгенбіз деп жауап берген. Рулардың миграциясы көшіп қонуы ескі заманда табиғи нәрсе болған. 1000-2000 км дейін қашықтықтарға ойланбастан көшіп кете берген. Әрине Ресей патша өкіметінің отарлау саясаты орныққаннан кейін қазақтың осы емін-еркін көшіп қонуын шектеп тастады. Әркім сол отырған, отырған жерінде қалып кетті.
Бұл мақалада көптеген деректер келтіріп, жалпы барлығы «Бақтияр» деп аталған Ысты, ошақты, сіргелі руларының Перовск уезінен Шымкент, Әулиеата уездеріне миграциясы мен себептерін көрсетуді мақсат қылдық.
Тарихшы генеалог Нұржан Сәдірбекұлы.
Ташкент қаласы 18 январь 2024 жыл.
Бұл мақала Өзбекстан Ұлттық архивы фондтары деректері негізінде жазылды.

16/01/2024

Отаршылдық кезеңде Африка құрлығында колониялардың шекарасы қалай түп-түзу сызықтармен сызылғанын фиизикалық-саяси карталардан, география оқулығынан білетін боларсыз? Мысалы Египеттің Ливиямен шекарасы, Египеттің Суданмен т.б., т.с.с. Африка құрлығындағы елдердің шекарасын еске түсіріп көріңізші. Тарих пен географияға экскурсияның мақсаты да сол Қазақстанның отаршылдық кезеңдегі тарихын зерттеу еді. Тарихтан белгілі болғандай қазіргі кезде қолданыстағы Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстары арасындағы облыстық әкімшілік территориалдық шекаралардың негізі 1860-1870 жылдары Ресей патша өкіметі кезінде сызылған болатын. Бұл шекаралар табиғи шекаралар емес. Бұл шекараларды сызған Кеңес өкіметі де емес. Сенбесеңіз Қазақстан картасын алып Ұлытау облысы мен Түркістан облысының арасындағы, Ұлытау облысы мен Жамбыл обылысың, Қызылорда облысының арасындағы шекараларға назар салып көріңізші?
Енді сол заманда яғни ХІХ екінші жартысында Ресей патша өкіметі облыстардың арасындағы шекараларды белгілегенде нені есепке алды? – деген сауалға жауап беріп көрелік.
Әрине бірінші кезекте сол жерлердегі жүздердің, рулардың қоныстануын есепке алған. 1860-1864 жылдары Түркістан өлкесін Ресей империясы жаулап алуынан соң 1867-1868 жылдары Комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялар мақсаты жаңа құрылған Сырдария облысының шекараларын анықтау. Сырдария облысы солтүстігінде Ақмола облысы Атбасар уезімен шектесетін еді. Орыстар келгенге дейін белгілі шекара сызығы болмаған. Ұлы Жүз рулары Шудан асып Сарысуға, Кеңгірге, Кентке дейінгі аралықтағы жерде жаз жайлауға шығып жүрген. Шу өзенінің оңтүстігін де, солтүстігін де қыстау ретінде қолданған. Бірақ Ресей отаршылдығының күшеюі, Ұлы жүз қазақтары қараған Қоқан хандығын тарих сахнасынан ығыстырып шығара бастауы кезінде солтүстікті мекендеген Ақмола облысы қазақтары, атап айтқанда Атбасар уезінің Кеңгір, Ұлытау, Сарысу болыстарын мекендеген жұрт өз жерлерін оңтүстіктегі жерлер есебінен кеңейтіп алады. 1879-1880 жылғы жұтта Ақмола облысының қазақтары Ұлы жүз қазақтарын Шу бойынан өткізбейді. Сол жұтта дулат, сіргелі, ысты, ойық, тілік, ошақты, қаңлы және орта жүз қоңырат руларының көп малы қырылған. (Сол жұт туралы білгің келсе осы посттың ең бірінші коментариді түртіп қал, ашылады.) Көпшілікке мәлім болғандай Шу бойы мен Шудың оңтүстік, солтүстік жағындағы кішкене көлдер бойындағы қыстаулар ең берекелі шұрайлы жерлер. Кез келген қаһарлы қыста Арқа қазақтары да Түркістан қазақтары да сол Шудың бойында малын сақтаған. Ақмола облысы мен Сырдария облысы қазақтарының арасындағы жер дауы, барымтаны тоқтату мақсатында 1883 жылы 12 февральда Комиссия құрылады. (Национальный архив Республики Узбекистан, фонд И-1, оп.14, дело №600, Комиссия по проведению границ между Сырдарьинской и Акмолинской областями). Комиссия жұмысын бастап дауласушы екі тараптың да билерін құрылтайға шақырады. 1877 жылға дейін Ұлы жүздің аталған рулары және орта жүз қоңыраттар Шудың бойында қыстаған және Шудан солтүстікке қарай мынадай жерлерде жайлаулары болған: Белең Ата, Айнакөл, Қызыл Жыңғыл, Беклербегі қорғаны, Аққияқ, Қаражар, Алабүйрек, Түйемойнақ, Сымтас, Жекенді, Жетіқоңыр, Шыбынды, Тобылғылы, Айбат, Белқұдық, Жиделі көл, Барша, Жаман талды, Қаражүзген, Кент, Қатынсары, Жоңышқалық, Бөрітиіскен, Қарасаз, Маржан күйген, Сәмен, Қатын шеңгел, Қатын, Айтбұлақ, Босаға-Кеңгір, Қызыл Жайылма, Көнек Толыбай, Бескепе (Бестөбе). Шымкент уезінен келген билер шекара тіке Сарысудан Ұлытауға дейін тартылсын, осы жерлердің барлығы біздіңкі деген. Осы аты аталған жерлерде Шымкент уезінің төрт болысының: Тілік, Шаян, Сіргелі, Қарабұлақ болысының жалпы саны 5698 шаңырақ қазақтары 170 600 әртүрлі бас малымен бірге жайылып мекендеген. Және Түркістан уезінің он бір болысының (қоңыраттардың, тамалардың жалпы саны жазылмаған) қазақтары мекендеген.
Ал қашаннан бері сол жерлерде қыс-қыстап, жаз жайлап жүрсіздер? – деген сауалға, «атам заманнан бері солай» - деп жауап берген (они заявляют что живут они издавна, как их предки, так и они сами до 1877 года). Осы 1877 жылы жаман өзгеріс жылы болды, Патша өкіметінің Ұлы Жүз қазақтарына солтүстікке қарай көшіне тиым салды, бұл тиым елдің шаруашылығына қатты теріс әсерін тигізген. 1879-1880 жылғы Жұтта қырылған малдың есебі жоқ делінеді.
Өз қателігін түсініп, 1883 жылы 19 сентябрде Бесқұлан деген жерге Ұлы жүз бен Орта жүздің қазақтарын жинайды. Ақмола облысы мен Сырдария облысының арасындағы шекара сызығын жаңадан былай белгілеп, нәтижесінде мынадай деп шешім қабылдаған: Шу өзенінің орта ағысында Байсын төбеден бастап Байсынның мазарына дейінгі жер, солтүстік шығыста Бетпақдаланың сусыз шөлімен түзу сызық бойынша, Ақмола шаһарынан шығатын Ноғай жолымен тура Бесқұлан деген өткелге дейін, сосын сол Ноғай жолының бойымен түзу жүре отырып Сұрбұлақ, Әбдірайым, Қалмақ, Ноғайлық арқылы, сол жерден бастап солтүстікке қарай тұппа-тура, тіп-тіке линиямен жүре отырып Белқұдық деген жерге дейін, ол жерде Көктас деген өзенді кесіп өтеді. Ары қарай түп-түзу сызық бойынша солтүстік батысқа қарай Түйемойнақ деген жерге дейін.
Сонымен ағайын жауап: бұл түзу шекара Үйсіндер мен арғындар арасындағы шекара сызығы екен.

Сол кезде белгіленген түп-түзу сызылған шекара кейін Совет өкіметі кезінде тура өзгеріссіз қалды. Қазіргі кезде де шамамен алғанда жоғары төмен сол шекара сызығында Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының шекараларын көре аламыз.
Осымен тарихқа экскурсия тәмам. Сізге қызық болса көп көп лайк және бөлісу (поделиться кнопкасын) басыңыз ағайын.
#тарихигеография
#ұлытауоблысы #түркістаноблысы #қызылордаоблысы #жамбылоблысы

25/12/2023

Сіргелі Үштамғалы шежіресі үшін керек мәліметтер.
Өзбекстан Ұлттық архивында кездесетін мәліметтер бойынша 1917-1920 жылғы Түркістан автономиялық Советтік Социалистік Республикасында өткен "Ауылшаруашылық Халық санағы" өткен. Сол бойынша Үштамғалы болысы Жылқышы ауылында 374 үй болған. Қазіргі Қазығұрт ауданында. Үштамғалыға Тутамғалы, Қайшылы, Көңірдек кіреді.
Санақта үйлердің тізімі бар. Әр үй егесіне жеке жеке карточка арнап, өзінің аты, фамилиясы, жасы, бала шағасының, әйелдерінің саны, жасы, әке шешесі болса олардың жасы, еңбекке жарамдылығы, сауаттылығы, мал саны, жер көлемі т.б. мәліметтер жазылған. Ескерту бұл жерде тек үй егесінің аты жазылған. Бала шағаларының, әйелдерінің аты жазылмаған.
Егер Сіргелі балалары қызықса осы құжаттардың копиясын Өзбекстан архивынан алуыңыз керек деп ойлаймын. Аталарымыз туралы мәліметтер алуға болады. Шежіреде түсіп қалған, ұмытылған аталардың аты да шығады. Бұл құнды құжаттар.

21/12/2023

ПЫСЫҚ КЕРУЕНБАСЫЛАР

Орта ғасырлардан бері Ұлы Жібек жолы бойында керуенмен жүк тасу табысты істің көзі болып саналған. Ұзақ керуен жолдарын хандар, сұлтандар, батырлар өз бақылауында ұстаған. Керуенбасылар солардың бәрімен тіл табысып, ұстаған жерде сыйлықтары мен шоталын беріп кетіп отырған. Керуенді мақсат еткен мәнзілге дәл келіскен уақытында жеткізу керуенбасының ең басты шаруасы. Ресей әкімшілігі Түркістан өлкесіне өз билігін орнатқан соң да көп жылдар бойы керуенмен тауар тасу жалғаса берді. Қашан темір жол салынғанша. Осы арада қазақ керуенбасылары туралы бір қызық материалды жариялауды мақсат қылдық. Әлхисса Түркістан шаһарында керуен ұстаған Шілік болысынан шыққан керуенбасылар Тілеген Өмірбеков пен Сыр-Мұхамед Шүленбаев (тама руынан) Түркістан уезінің басшысы Реймерстің атына былай деп хат жазыпты:
Миләди 1886 жылы
Біз мынау, 15 жылдан асты, кәсібіміз керуенмен жүк тасумен айналысамыз. Жеке адамдардың және мемлекеттің тапсырмасы бойынша Түркістаннан Орынборға, Петропавловскке, Троицкке және де басқа бағыттарға жүктерді тасимыз. Біз әрқашанда, өзімізге алған міндеттемелерді уақытында орындап, мақсатты жерге келіскен уақытта жүктерді жеткізіп беріп отырдық. Сол қызметіміз үшін тауардың егелерінен ақысымен қатар тек алғыс рахметін алдық. Артиллериялық және интенданттық заттарды тасығанымыз үшін Өлкенің басшысы тарапынан көп мәрте құрмет белгісі орденімен марапатталдық. Біз осы жүк тасу барысында өзіңізге де белгілі болған мына мәселеге назарыңызды аударуды қалаймыз. Жүкті тасымалдау кезінде кейбір керуенбасылар тауарды мақсатты жерге жеткізе алмайды, ашық аспан астында тастап кетеді, содан тауар бұзылады, содан ақыры дау-дамай, соттасу ырың-жырың көп болып жатады. Бұл тауар егелеріне де жақсы емес, Ояз бастығына да жақсы емес, арыз шағымдар сіздерді де әуре сарсаңға түсіріп, көп шаршатады. Осындай қиындықтарды болашақта болдырмас үшін бізге Түркістан уезі аймағында «Керуенбасы» деген лауазымды ресми түрде пайдалануға ерекше құқық беруіңізді сұраймыз. Ақысы үшін жылына 200 рубль төлеп тұруға міндеттенеміз. Егер біз жұмысымызда қателік жасасақ, бұл қызметтен заңды түрде алып тастай аласыз.
Қолымызды қойдық, мүхрімізді бастық:
Тілеген Өмірбеков
Сыр-Мұхамед Шүленбаев
Осылайша Тілеген мен Сырымбет конкуренттерін ығыстырып «ойыннан шығарып жіберіп», өздері бұл бизнесті монополия жасап алуға тырысқан. Айта кету керек бұлардың конкуренті қаңлы руының ақсақалы, керуенбасы Жылқыбай Байсақалов болған. Түркістан төңірегіндегі Қаңлы-Сапар болысының Қаңлы руының байлары Арғынбай Солпиев, Әйтімбет Арғынбаев көп жылдар бойы Түркістанда керуенбасыларға түйе жеткізіп берген. Арғынбай Солпы ұлының түйесі көп болғаны соншалықты ол түйелері суғарғанда Шерт өзені ақпай тоқтап қалады екен деген сөз бар. Жылқыбай мен Арғынбай сондай-ақ бірге серіктестік құрып тұз өндірумен және тұз саудасымен айналысқан. Кез келген капиталисттер сияқты бұл байлар да ақшаны әртүрлі бизнеске салғанын көреміз. Тұз бизнесі туралы хикая өте ұзақ, оны кейінірек жазамыз.
Бірақ та ел арасында керуенбасылық қызмет сатып алынатын емес, керісінше сайланбалы болсын, біз керуенбасылардың монополия жасап, өз білгенін қылып, елді алдауына қарсымыз дегендер де болған. Түркістанның қаңлы, тама руларының керуенбасылары күшейгені соншалықты Түркістаннан Орынборға дейін өздерінен басқа ешкімді жүргізгісі келмеген. Мысалы Қазалы уезінің бір топ болыстары мен ізгі жақсылары ояз бастығына хат жазып былай деп шағымданады:
Қазіргі кезде кез-келген адам керуенбасы бола алмай қалды, керуенбасы қызметі сайланбалы емес (сатып алынады). Біз оларды өз арамыздан таңдап сайлап алғымыз келеді. Керуенбасылар қазір өз білгенін жасап, түрлі қулықтар істеп жүр. Мысалы көпестермен кіре тартуға келісіп олардан түйе басына жоғары бағамен тапсырма алады. Ал түйесі бар қарапайым халықпен келісіп әлдеқайда төмен бағамен олардың түйесін жалға алады, кірешілерге де (түйені айдаушылар - возщик) аз ақша төлейді. Керуенмен мемлекеттік жүктерді де тасиды, жеке кісілердің де жүктерін тасиды (частные и казенные грузы). Мысалы Хиуаға баратын жеке жүкке тапсырыс алады. Бірақ осы екі арада Бұхараға таситын жүктерге де тапсырыс қабылдайды. Керуеннің арасына мемлекеттік жүктерді де қосып жібереді. Жолай мына жүктерді де пәлен шаһарға жеткізіп тастайсыңдар - деп кірешілерді мәжбүрлейді. Содан соң (мәнзиллер (точкалар мен қашықтық) өзгеріп, сапар мерзімі ұзап кеткендіктен) керуенбасылардың өз арасында және түйеші, кірешілер арасында дау-жанжал көбейіп кетті. Сондықтан осындай дүрдараздықтар болмас үшін Керуенбасы қызметі сайланбалы болуын өтінеміз.
Қарабастоғай болысының болыснайы Санмырза Мырзабеков, Қостам болысы болыснайы Құлпыбай Айбосынов, Райым болыснайы Дәрменқұл Байсалбаев тағы басқа 12 болыснай мүхрімізді бастық.
Осындай өтініш хатты алған соң Қазалы уезі бастығы Ташкентке губернаторға рапорт жазады. Болыстар осындай хатпен өтінішпен шығып жатыр, осындай өтінішін орындасақ болады ма екен деп сұрайды. Губернатор рапортты қарап «мәужуд ахуалларды өзгертудің керегі жоқ» деп жауап берген екен.
Осы айтылғандарған байқағанымыз жай адам керуенбасы бола алмайды екен. Сол заманның Керуенбасыларында пысықтық, кәсіпкерлік, есепшілдік, саясаткерлік қасиеттер болған екен.
Дереккөздері:
Қазақстан Республкасының Орталық Мемлекеттік Архивы 145-қор, 9-іс.
Өзбекстан Республикасының Ұлттық Архивы 17-қор, 1-тіз., 3451-іс.

Мақала авторы Нұржан Сәдірбекұлы, тарихшы-генеалог
©барлық авторлық құқықтары қорғалған
#керуенбасы #кіретарту #тұзсаудасы #қаңлылар #түркістантарихы #генеалогия

Want your school to be the top-listed School/college in Tashkent?

Click here to claim your Sponsored Listing.

Location

Category

Address


Tashkent