14/11/2024
📢 Достар, білесіздер ме, сіз де Абай институтының офлайн курсының оқытушысы бола аласыз! 🇰🇿 Қазақ тілі мамандары елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде сұранысқа ие мамандыққа айналып келеді. Мысалы, Францияның Париж қаласында тұратын отандасымыз, қазақ тілі маманы, филология ғылымдарының кандидаты Құралай Қалиева елден жырақта жүрсе де, тіліміздің туын биік ұстап келеді. 🌍
Құралай ханым Парижде тұратын қазақ балаларына, қазақ тіліне қызығушылық танытқан париждіктерге және Иналко университетінде Орта Азия елдерін зерттеп жүрген магистранттарға қазақ тілін үйретуде. Біздің тілдің қанатын кеңге жаюы үшін әрқайсымыз үлес қоса аламыз. 💪💙
Ал біз алғысымызды білдіреміз! Қазақ тілінің болашағын бірге дамытайық! #АбайИнституты #ҚазақТілі #ұстазболғымкеледі
25/10/2024
Құрметті отандастар!
Сіздерді Қазақстан Республикасының күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл күн – мемлекетіміздің егемендігі мен бірлігінің айқын белгісі, тәуелсіздігіміздің, тұрақтылығымыздың символы. Әрбір азамат үшін бұл мереке өз елінің болашағына деген үміт пен сенімді нығайта түседі.
Баршаңызға ашық аспан, мол табыс, баянды бақыт, амандық тілеймін. Ел үшін жасаған еңбегіңіз жемісті болсын, алда тек жарқын белестер мен жеңістер күтіп тұрсын! Қазақстанымыздың туы әрдайым биікте желбірей берсін!
Республика күні құтты болсын!
26/09/2024
⚜️Орталығымыздың Әдістеме LAB бөлімі «Quantum STEM» мектебімен бірлесіп, біліктілік арттыру курсын ұйымдастырды.
⚜️Мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін үйрететін республикалық семинарда баяндама жасаған орталығымыздың ғылыми қызметкерлері Жазира Мақсұтқызы, Ләйлә Мұратқызы, Дана Жаңабекқызы пен Айгүл Әділбекқызы орталықтың жұмысымен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.
Цифрлық білім беру ресурстары және тіл үйретушінің кәсіби құзыреті туралы кеңінен баяндалған әдістемелік дәріске жүзден аса тіл мамандары мен мұғалімдер қатысты.
23/09/2024
“Екі айлық үзілістен кейін офлайн сабақтарымыз қайта басталды! Бүгін күн тәртібі, уақыт белдеулері және сандарға қатысты жаңа сөздерді үйреніп, қызықты ақпараттармен бөлістік. Тіл үйренуге деген ынта мен белсенділік ерекше шабыттандырады! 🌟
#Оқу #Білім #ТілҮйрену #ҚазақТілі”
12/09/2024
Бүгін Финляндиядан келген қандастарымызды қонақ еттік! 🌍🇰🇿 Оларға орталығымыздың IT өнімдері мен әдістемелік құралдары таныстырылып, Финляндияда қазақ тілін үйретуге арналған офлайн сынып ашу мәселесі талқыланды. Қонақтар өз кезегінде сол елдің тыныс-тіршілігі мен қандастарымыздың тілдік ахуалы жөнінде бөлісті.
Қандай керемет кездесу! ✨ Осындай шаралар қазақ тілінің халықаралық деңгейде дамуына үлкен серпін беретіні анық. Тіл үйретуде IT өнімдерін қолданудың жаңа тәсілдерін дамыту өз нәтижесін береді деп сенеміз. Қазақ тілін үйренуге қызығушылық артып, қолданыс аясы кеңейе берсін!
#ҚазақТілі #ХалықаралықҚазақТілі #ТілҮйрету #Білім #Финляндия #ОфлайнСынып #ҚазақТіліХалықаралық
12/08/2024
2024 жылғы 11 шілдеде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО» КеАҚ ұсынысы бойынша ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшілігі Qazaq School London қазақ тіл сыныбында оқитын балаларға «Kazakh Primer» оқулықтарын табыстады.
Аталған кітаптар шетелдегі қазақ балаларына ана тілді үйретуді мақсат тұтқан алғашқы әдістемелік құралдардың бірі болып табылады және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге арналған.
11 июля 2024 года по предложению НАО «ННПЦ» Тіл-Қазына» имени Посольство РК в Великобритании вручило учебники «Kazakh Primer» детям, обучающимся в классах казахского языка Qazaq School London.
Данные книги являются одним из первых методических пособий, позволяющих обучать казахских детей за рубежом родному языку и призваны расширить сферу применения казахского языка.
TilQazyna
10/08/2024
Бүгін қазақтың ұлы ақыны, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер Құнанбайұлы Абайдың туған күні.
Абай атамыздың есімі тек өз елінде ғана емес, одан тыс жерлерде де белгілі. Жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы 170 өлең, 20 әуен және 56 аударма жасап, «Қара сөз» өлеңдерін жазды.
06/06/2024
2024 жылғы 31 мамырда Қазақстан Республикасының Түркия Республикасы және Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сапиев Еркебұлан Оңалбекұлы қазақ диаспорасымен мақсатты жұмыс ұйымдастыру шеңберінде Түркияның Конья провинциясы Қаратай ауданындағы «Исмаил қазақ түріктері мәдени және әлеуметтік көмек қоғамы»-ның басшылары Мехмет Әлім және Абудлқайым Тимурмен (ТР азаматтары) арнайы кездесу өткізді. Кездесу соңында «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО» КеАҚ ұсынған Kazakh primer атты шетелдегі қазақ балаларына арналған оқулықты Қоғамның кітапханасына табыстады. Аталған басылымды шетелдегі қазақ балаларына өз ана тілдерін үйретуді мақсат тұтқан алғашқы өнімдердің бірі екенін атап өтіп, диаспора арасында қазақ тілінің қолданыс аясын көтеруге септігін тигізетінін тілге тиек етті.
05/06/2024
2024 жылғы 3 маусымда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО» КеАҚ өтініші бойынша Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы шетелдегі қандастармен қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету мен ана тілді дамыту шеңберінде Kazakh primer (Primer with Kazakh Fairy Tales) атты оқулықты Ыстанбұлдағы 4 диаспора өкілдеріне салтанатты түрде табыстады.
Атап айтқанда, “Kazak Türkleri Eğitim ve Araştırma Derneği”, ‘Kazakkent Altay Derneği”, “Kazak Türkleri Vakfı” және “Hoca Ahmed Yesevi Ĭlim ve Ĭrfan Vakfı” ұйымдарына 34 кітап берілді.
17/05/2024
2024 жылғы 16 мамыр, Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы «Тілді оқыту әдістемесі және сандық технология мүмкіндіктері» тақырыбында мазмұнды семинар ұйымдастырды. Ғылыми жиынға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институты» бөлімінің жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі Айгүл Орманова қатысып, қазақ тілін офлайн/онлайн оқыту әдістемесі мен «Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілі» әмбебап оқулығын дайындау кезінде пайдаланылған әдіс-тәсілдер жөнінде дәріс оқыды.
Тіл оқыту әдістемесін жетілдіруде сандық технологияның мүмкіндігін насихаттау, оқытушы, әдіскерлерге әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған семинар жұмысында білікті мамандар дәріс оқып, іс-тәжірибесін ортаға салды. Қазақ тілі және түркітану кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Күлән Көпеш видео сабақ – қазақ тілін оқытудың тиімді жолы тақырыбында баяндаса, Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының мамандары Алмагүл Игенова мен Мүнира Ағымбаева заманауи цифрлық технологияларға негізделген оқу құралдарын әзірлеудегі іс-тәжірибесімен бөлісті.
Семинар жұмысына оқыту орталықтарының әдіскер, оқытушылары қатысып, оқыту үдерісін жандандыруға қажетті ақпарат алды. Іс-шара соңында «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы тарапынан барлық қатысушыға сертификат табысталды.