28/04/2026
🔹ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі бастамалары мен «AI-Sana» бағдарламасын қолдау аясында «IQ АЛАМАН – 2026» XII республикалық байқауы ұйымдастырылды. Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен сайысты физика, математика және цифрлық технологиялар институтының Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасы өткізді.
🔹Байқау «AI Battle», «IQ Coding», «AI Network» және «AI Project» атты төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тұрақты даму мақсаттарын шешуге бағытталған арнайы AI-агенттер әзірлеп, өз жобаларын сарапшылар алдында қорғады. Байқау қорытындысы бойынша Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Zhanibekov» командасы жүлделі II орынды иеленді!
🔹Бұған дейін 2024, 2025 жылдары да Жәнібеков студенттері осы жарыстан жүлделі 1 орын алып келген. Биылғы бұл жеңіс те оқу орнының мәртебесін қорғады!
#БіздіңМақтаныштар
27/04/2026
🔹 Университетте этнограф, мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына орай педагогикалық олимпиада ұйымдастырылды. Педагогика кафедрасы ұйымдастырған іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және тәжірибе алмасуына жағдай жасау болды.
🔹 Іс-шараның салтанатты ашылуында Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол мұндай олимпиадалардың болашақ мұғалімдерді даярлаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Олимпиадаға педагогикалық факультеттің 5 студенттік тобы қатысып, өз білімдері мен дағдыларын жан-жақты көрсетті. Сайыс 4 кезеңнен тұрды: «Білім бәйгесі», «Педагогикалық жағдаят», «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы», «Шығармашылық шеберлік». Сонымен қатар, блиц-сұрақтар кезеңінде студенттер Ө.Жәнібеков мұрасы туралы білімдерін көрсете алды.
🔹 Олимпиаданың әділ өтуі үшін қазылар алқасының құрамына тәжірибелі мамандар шақырылды. Олардың қатарында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің профессоры, п.ғ.к. К. Арымбаева, Орталық Азия инновациялық университетінің доценті, п.ғ.к. Ж. Мұнашева, сондай-ақ Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың білікті педагогтары – «Психология» кафедрасының меңгерушісі, доцент п.ғ.к. Л. Бөлетова және «Арнайы педагогика» кафедрасының меңгерушісі, доцент п.ғ.к. А. Нұрбекова болды. Жарыс нәтижесінде І орынды филология факультетінің студенттері иеленді.
🔹 Іс-шараның жабылу рәсімінде педагогикалық факультеттің деканы Гүлдариға Таутаева сөз сөйлеп, олимпиаданың жоғары деңгейде өткенін айтты және барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы марапаттарға ие болды. Аталған педагогикалық олимпиада студенттердің кәсіби дамуына серпін беріп, олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына маңызды үлес қосты.
Фото Береке Сейітжаппар
#Педолимпиада
27/04/2026
🔹Университетте педагогикалық практика аясында «Болашақ педагог – 2026: Open Class Challenge» және «TALANT UPGRADE FEST – 2025» жобалары жүзеге асты. Осы жобалар аясында жақында белсенді білім алушыларымен кездесу өтті. Шара болашақ педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, олардың шығармашылық және зерттеушілік белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
🔹Аталған жобалар аясында білім алушылар ашық сабақтар өткізіп, заманауи оқыту әдістерін тәжірибе жүзінде қолданып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, «TALANT UPGRADE FEST – 2025» онкүндігі білім алушылардың тұлғалық және кәсіби дамуына серпін беріп, олардың педагогикалық шеберлігін жетілдіруге бағытталды.
🔹Жиында Басқарма мүшесі-Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жанбол Жылбаев сөз сөйлеп, аталған жобалардың болашақ педагогтарды даярлаудағы маңызына тоқталды. Ол білім алушылардың белсенділігі мен ізденісін жоғары бағалап, мұндай бастамалар кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ университеттің білім алушыларды академиялық және психологиялық қолдау, тәжірибеге бағытталған оқытуды дамыту бағытындағы жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
🔹Шара барысында жобаға қатысқан 56 жоғары курс білім алушыларына арнайы сертификаттар табысталып, олардың еңбегі мен жетістіктері жоғары бағаланды. Қатысушылар өз кезегінде мұндай бастамалардың кәсіби өсуіне үлкен мүмкіндік беретінін атап өтіп, университетке және оқытушыларға алғыс білдірді. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар педагогикалық білім беруді дамытуға бағытталған мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасатынын және білім алушылардың кәсіби қалыптасуына жүйелі түрде қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Фото Береке Сейітжаппар
#БолашақПедагог2026
25/04/2026
🔹Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен Қырғызстан Республикасы Ишеналы Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт негізінде, 2025-2026 оқу жылының көктемгі семестрінде сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы мен қос дипломды бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Әлем тарихы және дінтану кафедрасының оқытушылары т.ғ.к., профессор Баршагүл Исабек пен т.ғ.к., профессор м.а. Бекмұрат Найманбаев, т.ғ.к., аға оқытушы Гүлжан Орынбасарова іс-сапармен Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласына барды.
🔹Іс-сапар барысында институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Койчуманова Чолпон Урушбековна білім беру бағдарламасы бойынша мәліметтер беріп, алдағы уақытта екі оқу орны арасында қос диплом бағдарламасын іске асыру жолдарын нақтылады. Кафедра оқытушыларымен кездесіп, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарының бағыттарымен таныстырды.
🔹Университет қызметкерлері тарихы тереңде жатқан оқу орнының музейімен, дәрісханаларымен, спорт алаңы және ауқымды инфроқұрылымымен таныстырды. И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің білім алушыларымен кездесіп «Түркі халықтарының тарихы», «Отан тарихының іргелі мәселелері» және «Тарихты оқыту әдістемесі» пәндері бойынша дәріс оқыды.
24/04/2026
🔹Бүгін университетте білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды шара – мектеп директорларының орынбасарлары мен мұғалімдерді марапаттау рәсімі өтті.
Аталған іс-шара университет пен мектептер арасындағы серіктестікті дамыту, педагогикалық практиканың сапасын арттыру және болашақ педагог кадрларды даярлау үдерісіндегі бірлескен еңбекті жоғары бағалау мақсатында ұйымдастырылды. Марапаттауға 10 мектеп директорының орынбасары және 30-дан астам мұғалім ұсынылды.
🔹Салтанатты жиында Басқарма төрағасы – ректор м.а. Әлібек Нұртаев сөз сөйлеп, университет пен мектептер арасындағы әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтті. Ол педагогикалық практиканы ұйымдастырудағы мектеп ұжымдарының белсенділігіне, студенттердің кәсіби дамуына қосқан үлесіне ерекше тоқталып, мұндай ынтымақтастықтың білім беру сапасын арттырудағы рөлін жоғары бағалады. Сондай-ақ алдағы уақытта да бірлескен жобаларды кеңейту, тәжірибе алмасу алаңдарын дамыту және болашақ педагогтарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
🔹Іс-шара аясында университет пен мектептер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, кафедра филиалдары арқылы жүргізіліп жатқан бірлескен жұмыстар және болашақта іске асырылатын жобалар туралы да айтылды. Бұл әріптестік білім беру мен ғылым интеграциясын тереңдетуге және педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар, университетімізде жүзеге асырылған бірқатар инновациялық жобалар да ерекше назарға алынды. Атап айтқанда, 4-курс білім алушыларының педагогикалық практикасы аясында алғаш рет ұйымдастырылған «Болашақ педагог – 2026: Open Class Challenge» жобасы болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, ашық сабақтар арқылы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Ал «TALANT UPGRADE FEST – 2025» жобасы студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуын қолдауға бағытталып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға және заманауи білім беру талаптарына бейімделуіне жағдай жасады. Шара соңында марапат иелеріне алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.
Фото Береке Сейітжаппар
24/04/2026
🔹ӨҢІРЛІК ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ: СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАҢА МҮМКІНДІК
🔹Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да еліміздің түрлі өңірінен келген қонақтардың қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Атап айтқанда, Солтүстік өңірден, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген Еңбек мобильділігі орталықтарының қызметкерлері мен жұмыс берушілерден құралған 30-дан астам делегация білім алушылармен еркін форматта пікір алмасты. Кездесу барысында әр өңір өздерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін таныстырып, жастарға арналған нақты мүмкіндіктерін ұсынды.
🔹Кездесу барысында студенттерге өңіраралық еңбек мобильділігі, қоныс аудару бағдарламалары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, сұранысқа ие мамандықтар және жас мамандарға ұсынылатын қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қонақтар өз өңірлеріндегі еңбек нарығының ерекшеліктерімен таныстырып, нақты бос жұмыс орындары мен мансаптық мүмкіндіктерді ұсынды.
🔹Шығыс Қазақстан облысы Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Арайлым Есімбекова жастар үшін өңірлерге қоныс аударудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды. Іс-шараның басты мақсаты – бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына қолдау көрсету, сондай-ақ жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейту болды. Кездесу барысында студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, кәсіби бағдар бойынша құнды кеңестер алды. Кездесу соңында Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ж. Жылбаев қорытынды сөз сөйлеп, мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта бірлескен шараларды жүзеге асыратынын жеткізді.
Фото Береке Сейітжаппар
#Өңіраралықбағдарламалар
23/04/2026
🔹Бүгін университетте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелде, оның ішінде академиялық оралымдылық шеңберінде оқытуға жіберу қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес білім алушыларды іріктеу жөніндегі комиссия отырысы өтуде. Аталған комиссия отырысына Басқарма төрағасы – ректор м.а Әлібек Нұртаев қатысты.
🔹Биыл шетелде білім алуға үміткер студенттерді іріктеуге жалпы саны 47 ұсыным түскен. Нәтижесінде комиссия шешімімен 15 үміткер шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болмақ. Іріктеу барысында талапкерлердің оқу үлгерімінің жоғары болуы, ағылшын тілін жетік меңгеруі негізгі талап ретінде қарастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік мәртебесі бар студенттерге басымдық берілді. Іріктелген білім алушылар алдағы оқу жылында академиялық оралымдылық бағдарламасы аясында бір семестрге Түркия, Польша және Чехия елдерінің жоғары оқу орындарында білім алады.
🔹Академиялық оралымдылық бағдарламасы студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына кең мүмкіндік беріп, олардың халықаралық тәжірибе жинақтауына жол ашады. Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, болашақта еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтуға өз үлесін қосады.
Фото Береке Сейітжаппар
#ШетелдеБілімАлу