19/06/2026
Сәт сапар, жас түлек!
18 маусым күні лицей-интернатта «Сәт сапар, жас түлек!» атты бітіруші түлектерге аттестат тапсыру салтанатты жиыны өткізілді. Биыл лицейді 47 түлек аяқтап отыр. Олардың ішінде 16 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 13 түлек "Үздік аттестатқа" ие болды. Бұл – шәкірттердің білімге деген құштарлығы мен табанды еңбегінің жарқын нәтижесі.
Салтанатты кеш барысында түлектерге аттестаттар табысталып, олардың жетістіктері мен лицей өміріндегі жарқын сәттері еске алынды.
Іс-шара барысында оқушылар ұстаздарына, ата-аналарына және өздеріне білім мен тәрбие берген лицейге шынайы алғыстарын білдірді. «Сәт сапар, жас түлек!» атты мерекелік кеш түлектердің жүрегінде ерекше әсер қалдырған жарқын сәттердің бірі болды.
Ақ жол, жас түлектер!
02/06/2026
Ағымдағы жылы 13 сәуірде лицей кітапханасында «Ғарышкердің кітап сөресі» ғарышкерлер күніне арналғаніс-шара өткізілді. Іс-шараға 7А оқушылары қатысты. Кітапханашы бұл мерекенің маңызы туралы қысқаша айтып өтті.
Көрме жасалып, көрмеде ғарыш әлемі мен ғарышкерлер туралы кітаптар, макеттер, суреттер және мәліметтер қойылды.
Оқушылар арасында қызықты сұрақтар қойылып, шағын викторина ұйымдастырылды. Оқушыларға викториналық сұрақтар қойылып, ғарыш, планеталар және ғарыш техникасы туралы білімдері тексерілді. Белсенді қатысқан оқушылар марапатқа ұсынылды. Балалар белсенді қатысып, өз білімдерін көрсетті.Сонымен бірге ғарыш тақырыбына арналған бояу суреттерін бояп, пазл ойыны ұйымдастырылды.
Сонымен бірге «Отты ойдың иесі – Баубек Бұлқышев тақырыбында кітапханада танымдық іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолы таныстырылып, оның әдеби мұрасы туралы кеңінен айтылды. Қатысушылар жазушының шығармаларынан үзінділер оқып, пікір алмасты. Сонымен қатар кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға автордың еңбектері насихатталды. Іс-шара жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
«Балалар әдебиеті – рухани тәрбиенің бастауы» онкүндігі аясында лицейде «Кітап – білім бұлағы» атты танымдық сабақ өткізілді. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттау және кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндіру болды. Сабақты сынып жетекшісі Г. Татишева ұйымдастырып, оқушыларға кітаптың білім мен тәрбиенің қайнар көзі екендігі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Шара барысында кітап оқудың адам дүниетанымын кеңейтетіні, сөздік қорын байытатыны және ойлау қабілетін дамытатыны жөнінде айтылды. Оқушылар өздерінің сүйікті кітаптары мен кейіпкерлері туралы пікірлерімен бөлісіп, оқыған шығармалары бойынша ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, түрлі қызықты тапсырмалар мен викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, балалар белсенділік танытты. Сұрақтарға дұрыс жауап берген оқушылар марапатталып, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған ойындар өткізілді
10-сыныптар арасында "Қазіргі балалар және рухани құндылықтар. Гаджет және даму" тақырыбында пікірталас өткізілді.
#ғылымипедагогикалықкітапхана
29/05/2026
«Бір жыл, бір белес: үйірмелер жетістігі» атты үйірмелердің жылдық есеп беру кеші
Ағымдағы жылдың мамыр айында лицейде «Бір жыл, бір белес: үйірмелер жетістігі» атты үйірмелердің жылдық есеп беру кеші өткізілді.
Мақсаты:
– Оқушылардың бір жыл бойы атқарған шығармашылық және зияткерлік жұмыстарын таныстыру;
–Үйірмелердің жетістіктерін насихаттау;
– Оқушылардың өнері мен қабілеттерін қолдау.
Іс-шара басталмас бұрын лицейдің акт залында робототехника, дебат, кітап оқу, медиа, шахмат, спорт және басқа да үйірмелердің көрмелері ұйымдастырылды. Ұстаздар мен оқушылар көрмелерді аралап, жыл бойы атқарылған жұмыстармен, жетістіктермен және оқушылардың шығармашылық жобаларымен танысты.
Кештің ашылу бөлімінде үйірмелердің қызметі мен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетіліп, лицейде жұмыс жасаған барлық үйірмелер таныстырылды. Әр үйірме өз жұмыстары бойынша дайындалған қысқаша бейнероликтерін ұсынып, оқу жылы ішінде жүзеге асырылған іс-шаралар мен жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шара барысында спорттық үйірмелер, дебат, театр, Book club және Charity club мүшелерінің жұмыстары көрсетілді. Қатысушылар республикалық және облыстық жарыстарда, турнирлерде, байқаулар мен жобаларда қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті.
Кештің концерттік бөлімінде домбыра үйірмесінің оқушылары ұлттық өнерді дәріптеп, күй орындады. Би үйірмесі мен «Dance club» мүшелері көрермендерге әсем билерін ұсынып, жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Театр үйірмесінің мүшелері көркемсөз оқу және сахналық қойылымдарын көрермен назарына ұсынып, ерекше әсер қалдырды.
Іс-шара барысында лицей директоры Қасқарбеков Нұрғожа Еренсізұлы сөз сөйлеп, үйірме жетекшілеріне және белсенді оқушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар 2025–2026 оқу жылындағы үздік оқырман оқушылар мен кітапханамен белсенді байланыс жасаған оқушылар марапатталды.
Кеш соңында барлық үйірме мүшелері сахнаға шақырылып, естелік суретке түсті. Іс-шара оқушылардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық жетістіктерін насихаттауға, олардың бойындағы талант пен қабілеттерді қолдауға бағытталған маңызды шара болды.
29/05/2026
«МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!»
№10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында 2025–2026 оқу жылының түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты жиын өтті.
Биыл лицейді 47 түлек тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың қатарынан 16 оқушы «Алтын белгіге», 13 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Бұл – шәкірттердің табанды еңбегі мен ұстаздардың сапалы білім беруінің жарқын нәтижесі.
Салтанатты жиында лицей-интернат директоры Н.Қасқарбеков бітіруші түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар білім мен тәрбиенің қасиеті туралы тағылымды ойларымен бөлісіп, жастарға жарқын болашақ тіледі.
Жиын барысында білім беру саласында жетістікке жеткен ұстаздар, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жоғары нәтиже көрсеткен оқушылардың жетекшілері арнайы марапатталды. Сондай-ақ жыл бойы білім мен ғылым жолында биік белестерді бағындырған шәкірттердің еңбектері ерекше аталып өтті.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – түлектерге білім кілтінің табысталуы болды. Бұл – олардың жаңа өмір жолына нық қадам басуының, білімнің шексіз әлеміне жол ашуының символы ретінде қабылданды. Қыздары мен әкелерінің орындауындағы әсерлі вальс биі әсерлі болды. Сонымен қатар 11-сынып түлектері жүрекке жылы тиетін әндер орындап, мектепке, ұстаздарға және ата-аналарына деген ризашылықтарын білдірді.
Ата-аналардың ақ батасы мен түлектердің жүрекжарды алғыстары көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Әсем әндер, қимастыққа толы вальс биі, сыңғырлаған соңғы қоңырау үні мен толқынысқа толы сәттер балалық шақпен қоштасудың, үлкен өмірге қадам басудың символына айналды.
#біртұтастәрбие
#кзобилқыздар
22/05/2026
2026 жылдың 16–17 мамыр күндері Алматы қаласында каратэ Киокушинкай спортынан республикалық “Алатау барысы” турнирі жоғары деңгейде өтті. Аталған жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 600-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара бақ сынады.
№10 «Білім-инновация» лицейінің 8-сынып оқушысы Серікқызы Жұлдыз жоғары шеберлік, қайсарлық пен табандылық танытып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Бұл жетістік – тынымсыз еңбектің, үздіксіз дайындықтың және алға қойған мақсатқа деген сенімнің айқын көрінісі.
Лицей оқушылары тек білім мен ғылым саласында ғана емес, спорт додаларында да биік белестерді бағындырып, жан-жақты дарынды екенін дәлелдеп келеді. Жұлдыздың жеңісі – соның жарқын дәлелі.
Жүлдегер оқушымыз Серікқызы Жұлдызды жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілейміз!
22/05/2026
№10 «Білім-инновация» лицейінде екі күн бойы дәстүрлі «Жұлдыздар шеруі» атты салтанатты марапаттау кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шара барысында облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары, спорттық жарыстарда топ жарған оқушылар құрмет төрінен көрінді. Сонымен қатар, білім мен ғылым жолында шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, олардың жетістікке жетуіне зор үлес қосқан жетекші ұстаздар мен қолдау білдірген ата-аналар да арнайы марапатталды.
Бұл мерекелік шара жас таланттардың еңбегін дәріптеп қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтып, жаңа белестерді бағындыруға шабыт сыйлады.
15/05/2026
Екі лицей оқушылары арасында дебат ойыны өткізілді
№9 және №10 «Білім-инновация» лицейлері дебат клубтарының ұйымдастыруымен республикалық пікірсайыс турнирінің лицейішілік кезеңі өткізілді. Турнирдің мақсаты – оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, шешендік өнерін шыңдау, өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізе білуге баулу, сондай-ақ жастар арасында пікірсайыс мәдениетін қалыптастыру болды.
Аталған турнирге лицейдің белсенді, білімді әрі көшбасшылық қасиеті жоғары сынып оқушылары қатысып, ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде өзара тартысты пікірсайыс ойындарын өткізді. Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, тың деректер мен нақты аргументтер келтіре отырып, өз позицияларын жоғары деңгейде қорғады.
Пікірсайыс барысында оқушылардың тілдік сауаттылығы, логикалық ойлауы, тапқырлығы мен сахна мәдениеті ерекше байқалды. Әрбір команда қарсы тараптың уәжіне сауатты жауап беріп, мәдениетті түрде пікір алмасудың үлгісін көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша үздік ойын көрсеткен командалар мен спикерлер арнайы дипломдармен марапатталып, облыстық кезеңге жолдама алды.