06/06/2024
3-5 маусым аралық күндері Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті, «Журналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасының 6B03201– журналистика және ақпарат білім бағдарламасы бойынша бітіруші түлектер дипломдық жұмыстарын сәтті қорғады. Қорытынды аттестаттау комиссиясы төрағасы, ЖШС Атырау-Ақпарат басшысының кеңесшісі Исатай Құндызбайұлы Балмағамбетов, комиссия мүшелері Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, философия ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Қадірханұлы Бекежан, аға оқытушы Ләззат Қабдірқызы Мажитова, аға оқытушы, магистр Гүлнар Базарбайқызы Исмурзина, хатшы оқытушы Гүлсара Жоламанқызы Қайырова болды. Комиссия мүшелері студенттердің дипломдық жұмыстары тақырып мазмұнына сай орындалып, қойылатын талапқа сай жазылғанын атап өтті. Бітіруші студенттер дипломдық жұмыстарын презентация дайындау арқылы өте жоғары деңгейде баяндады. Комиссия мүшелері диплом жұмыстарына, ғылыми негіздеріне, баяндауларына жоғары баға беріп, 6B03201 – "Журналистика", бакалавры дәрежесін алуымен құттықтады.
06/06/2024
27-29- мамыр аралық күндері Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті, «Журналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасының 6B03201- журналистика және ақпарат білім бағдарламасы бойынша бітіруші түлектер Қорытынды аттестаттау емтиханын тапсырды. Қорытынды аттестаттау комиссиясы төрағасы, ЖШС Атырау-Ақпарат басшысының кеңесшісі Исатай Құндызбайұлы Балмағамбетов, комиссия мүшелері философия ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Қадірханұлы Бекежан, Республикалық «Егеменді Қазақстан» газетінің жергілікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, аға оқытушы Ләззат Қабдірқызы Мажитова, аға оқытушы, магистр Гүлнар Базарбайқызы Исмурзина, хатшы оқытушы Гүлсара Жоламанқызы Қайырова болды. Студенттер билет сұрақтарына толыққанды жауап беріп, емтиханға жан-жақты дайындалғанын байқатты. Бітіруші түлектер комиссия мүшелерінің берген сұрақтарына жауап беру барысында өз ойларын жүйелі түрде жеткізе алатындығын аңғартты. Комиссия мүшелері студенттердің баяндауларына жоғары баға беріп, 6B03201 – "Журналистика", бакалавры дәрежесін алуымен құттықтады.
16/05/2024
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Жайық спорт кешенінде ҚР-ның Ғылым және Жоғары Білім Министрлігінің «Жоғары білім көрмесі» өтті.
Талапкерлер үшін оңтайлы ұйымдастырылған бұл шараға Республикамыздың түкпір түкпірінен ЖОО-ның өкілдері келді. Көрмеде ЖОО-лар туралы толық мәліметтер көрнекі ақпарат арқылы жан-жақты көрсетілді. Үміткерлердің өздері қалаған ЖОО-ның өкілдерімен еркін сұхбаттасып, қажетті ақпаратқа қол жеткізуге мол мүмкіндік болды.
Шара барысында түрлі қызықты конкурстар ұйымдастырылып, сыйлықтар берілді. Гуманитарлық Ғылымдар және Өнер факультеті, Журналистика және Қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушылары мен студенттері көрмеге келген мектеп оқушыларымен жүздесіп, мамандық туралы кәсіби бағдар беріп, буклеттер таратты. Атырау облысына қарасты мектептерден келген оқушылар арасында шығармашылық мамандыққа қызыққан үміткерлер көп болды.
03/05/2024
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ
Сәуір айының соңында Қазақстан Республикасы «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Қазақстанның үздік студенті» республикалық байқауы өткен еді.
Аталған байқауға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика мамандығының 3 курс студенті Динара Ризабек Ризабекқызы қатысып, «Үздік студент» төсбелгісімен және І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Білім мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып, университет тарапынан өткізілетін іс-шараларға белсене араласатын болашақ журналист Динара Ризабекті жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.
29/04/2024
Елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты қаламызды қорғау мақсатында еріктілер тобы жасақталды. Сәуір айының 8-нен бастап әлі күнге дейін журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының профессор-оқытушылар мен студенттері су тасқынына қарсы бөгет салу жұмысын белсенді атқарды.
Алмалы аулындағы бөгет салып жүрген еріктілердің қатарында студенттердің үлесі көп болды. Тілсіз апаттан сақтануға күш салған барша еріктілерге алғыс айтамыз!
15/03/2024
Кәсіби бағдар шаралары жалғасуда
Қазіргі таңда жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарын қандай жоғары оқу орнын, қандай мамандық таңдаймыз деген сауалдар толғандыратыны хақ. Осыған орай гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің ұйымдастыруымен кәсіби бағдар жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Мажитова ләззат Қабдірқызы мен оқытушы Ахонова Мерует Иманғалиқызы «Жалпы білім беретін И.Тайманов атындағы №27 орта мектебінің» 11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуде оқушыларға жоғары оқу орындарына түсу заңдылықтары, мамандық таңдауда назар аудару қажет негізгі ұсыныстар, кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізіп, мектеп бітіруші жастарды жергілікті білім ордасында оқуға шақырды.
Мектеп оқушылары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ой бөлісті. Өз кәсібін дұрыс таңдай білген оқушы оған әр уақытта шығармашылықпен, жауапкершілікпен, қабілеті мен бейімділігі белгілі бір кәсіп саласына сай қалыптасқанда ғана сапалы маман болатыны анық.
22/02/2024
ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ - ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР
Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жайсаңдықтың үлгісіндей аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен кезінде кездесіп, дәрісін тыңдаған запастағы майор, «Көкжал» әскери патриоттық алаңының төрағасы, жоғары инновациялық халықаралық қатынастар колледжінің Кенжеғалиев Орақ Әбуұлы «Ұранды елдің - ұрпағы қайсар» тақырыбында Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті «Журналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасының 3 курс студенттеріне қонақ дәріс өткізді. Оған ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, қауымдастырылған профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Таубаев Бақтыбек Жұбандықұлы, ардагер мұнайшы Сүйесинов Тілекқос және жоғары инновациялық халықаралық қатынастар колледжінің 1 курс студенттері де қатысты.
Орақ Әбуұлы халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының жанқиярлық ерлігі, өжеттілігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі туралы ғана айтып қоймай, Ауған соғысына қатысқан батырларымыз жөнінде, ұлттық рух, Отанды сүю және қорғау жайында жастармен пікір алмасты.
Журналист – қоғамның барлық саласын қамтитындықтан, оның тақырып аясы, қолданыс ауқымы өте кең. Осы ауқымдылықты жүйелеуде, нәтижелі етуде бүгінгі таңда салалық журналистиканы дамытуға басымдылық беріліп отыр. Салалық бағыт ретінде әскери журналистиканы да атауға болады. Әскери журналистиканың қоғамдағы қызметі, маңыздылығы да әңгімеге арқау болды.
- Әскери журналист болу оңай емес. Әскери іс-қимыл болып жатқан жерден сапалы журналистік материал беру, қарулы қақтығыстардың ортасынан хабар дайындау ерекше жүректілікті қажет етеді, - деді іс-шараны қорытындылаған кафедра меңгерушісі, профессор Бекежан Өмірбек Қадырханұлы. – Бүгінгі айтылған әңгімелердің болашақ журналистерімізге берері мол. Біріншіден, Батыр Бауыржанның өнегесі мен өсиетін ұғына түсумен қатар, әскери журналистиканың да қоғамдағы қызметі, маңыздылығы туралы мол ақпарат алды.
15/02/2024
Ақпан айының 14-і күні Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінен ашылған “1986 дебат клубының” ұйымдастыруымен турнир өтті. Факультет бойынша 4 команда қатысты. Турнир тақырыбы студенттердің таңдаған мамандығы туралы болды. Барлық студенттер жүйрік ойымен көзге түсті. Журналистика мамандығы бойынша Камидуллина Ақтілек, Серикова Асем 2-ші орын иеленді.
09/02/2024
Университетімізде өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тест тапсырушы мектеп оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру жұмысы тағы да жалғасты. Біз қаладағы Ж.Досмұхамбетов атындағы мектеп лицей, Ә.Жангелдин атындағы мектеп басқа да қала мектептерінің түлектерімен ақпараттарымызды бөлістік.
05/02/2024
🌸"Журналистика және қоғаммен байланыс" кафедрасының аға оқытушысы Мәжитова Ләззат Қабдырқызын мерейлі 60 жасқа толған туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ләззат Қабдырқызына мықты денсаулық, қажымас қайрат, табысты еңбек тілейміз! Ұстаздық жолында шәкірт қызығын, өмір жолында ұрпақ қызығын көру бұйырсын дейміз!
🎖Ләззат Қабдырқызын Атырау университетінің ректоры Идирисов Саламат Нұрмұханұлы "Университет дамуына сіңірген ерен еңбегі үшін" белгісімен марапаттады;
📜Кәсіподақ ұжымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы "Құрмет грамотасымен" марапаттады;
📜Сондай-ақ, Журналистер одағының Атырау облыстық филиалының төрайымы Алма Қалусариева "Құттықттау хатын" табыстады.
01/02/2024
ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР ШЕБЕРЛІГІН ШЫҢДАУДА
Журналист - әлемде болып жатқан алуан құбылысты зерттеп, саралай алатын, мақсаткер, халық мұңы мен қуанышын сөзсіз ұғатын нағыз кәсіп маманы. Төртінші билік иесі болған бұл мамандық иелері халықтың ең сенімді жанашырлары. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреудің бақытты болуына себепші болғанда бұл мамандықтың құдіретін сезінуге болады.
Облысымыздың бұқаралық ақпарат құралдарында өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының 4 курс студенттері оны жақсы түсінеді. Н.Қосшиев, А.Салихов, А.Қарабалаұлы сынды мықты журналистерден тәлім-тәрбие алып, шеберліктерін шыңдауда.
30/01/2024
Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушылары ҰБТ тапсырып шыққан талапкерлерге мамандықтың ерекшеліктерін түсіндіріп жатқан кезекті сәті. Талапкерлер арасынан Журналист мамандығына қызығушылықтар танытқандар да аз емес. Ендеше, мамандық таңдау деген өте жауапкершілікті де маңызды істе жастарға сәттілік тілейміз.