21/09/2013
Көктөбе
Ақын, жүрегі елім деп соққан біздің сүйікті ағай!
21/09/2013
Көктөбе
07/05/2013
Алматы
Жалаңаш жалаулар, ұрда-жық ұрандар,
Және де тұмандар,
тұмандар – Күмәндар.
Шаң басқан балағын шәкене Қазақтар,
Ғаламның сиқырын білетін Сығандар.
Кірленген Кіндіктер, ісінген Кеуделер,
Лыпасыз әсемдік көшеде сенделер.
Қиқулы ғаламның, тойымсыз құшақтың
Рахатын мастана жырлайтын Теңгелер.
Қол жайған Бөбектер, иесіз Төбеттер,
Жарқын күн! Бір саған апарар жоқ өткел.
Атақты ақынның көшесі бойында
Бір тілім нан үшін өртенген Өзектер.
Қатыгез қарлы шың, тасбауыр белестер,
Кемеңгер Ойлар мен кемелі жоқ Естер.
Кеңсайда айқайлап жататын Әруақтар,
Кештерде әйнекті қағатын Елестер.
Қаңғырған Бұлақтар, қартайған Емендер,
Еменге асылып өлетін Өлеңдер.
Қайғының шарасын шайқаған Шайырлар,
Шайырлар – Жүректер,
Жүректер – Шемендер...
Жазылмас жараңның тапсам деп бір емін,
Мойныма бұршақ сап Алладан тіледім.
Булыққан төсімде бүлк етіп жатырсың,
Алматым – о, менің жаралы жүрегім.